|
Статья на казахском языке с сайта Алаш Айнасы:
Жер шарында теңіз деңгейінен 8 мың метр биіктікте жатқан 14 шың бар екен. Қазақстанның мұзбалақ альпинистері тұңғыш болып сол 14 шыңды да бағындырды. Естеріңізге сала кетейік, соңғы қалған Лхотце шыңына альпинистеріміз 16 мамыр күні шыққан болатын. Кеше таңертең Дели-Алматы рейсімен осы жетістіктердің бас себепшісі, Қазақстан құрамасының жетекшісі Мақсұт Жұмаев пен құрама жаттықтырушысы Ерванд Ильчинский ұшып келді. Осыған байланысты командамыздың жетекшісі Мақсұт Жұмаев «Алаш айнасының» оқырмандарына арнап арнайы сұхбат берген еді.
– Соңғы шыңды бағындырған сәттегі көңіл күйіңіз қандай болды? – Біріншіден, альпинистер «шыңды бағындырдық» деп ешқашан айтпайды. Шың біздің үйіміз тәрізді болып кеткен. Сондықтан оған құрметпен қараймыз. Бұл жерде «бағындырдық» дегеннен гөрі, «шыңға шықтық» дегеніміз дұрыс болар. Екіншіден, шыңға шықтық, бірақ ең биік нүктесіне шыға алмадық. Оған шығу мүмкін емес те. Өйткені оның ең үстінде қалың қар жатыр. Егер оған аяқ басар болсаң, қар опырылып кетуі мүмкін. Ал одан кейін қандай жағдайдың орын алатынын, айтпасам да, түсінетін шығарсыздар. Дегенмен шыңның үстіне шыққанда көкірегімізді мақтаныш кернегенін жасыра алмаймын.
– Қазақстан құрамасы 8 мың метрден асатын 14 шыңды да бағындырды. Бұл үшін бас командамызға қанша уақыт қажет болды? – 1991 жылы еліміз жаңадан Тәуелсіздігін алғанда «Қазақстан құрамасы – әлемнің ең биік шыңдарында» атты жоба қабылданды. Осыған байланысты 1991 жыл мен 1997 жылдың аралығында бас командамыз төрт шыңды бағындырыпты. Сөйтіп, 2000 жылға дейін жоба тоқтап қалған. Содан кейін командаға мен қосылдым. Енді, міне, әлемдік деңгейдегі бұл жобаны да аяқтадық.
– Сонда Қазақстан құрамасынан басқа бірде-бір ел бұл 14 шыңды бағындыра алмаған ба? – Арнайы құрама ретінде бізден басқа әзірге бірде-бір ел осы 14 шыңға шыға алған жоқ. Дегенмен 14 шыңға да шыққан әр елдің саңлақтары бар. Бірақ олар – өз елінің емес, өздерінің ғана атын шығарғандар.
– Негізі, Лхотце шыңына шығуды былтыр да қолға алған едіңіздер. Бірақ ол кезде жарты жолдан қайтып кеттіңіздер… – Былтыр бізде екі шыңның траверсін жүзеге асыру жоспары болған. Яғни Лхотце шыңынан кейін бірден Евереске көтеріліп кетуді ойладық. Оған көп уақыт дайындалдық. Бірақ ауа райы қолайсыз болып, күтпеген жерден қар көшкіні тұрып кетті. Соның кесірінен командаласымыз әрі жақын досымыз Сергей Самойловты жоғалттық. Өзіміз де аз зардап шеккен жоқпыз. Артынан ойлап қарасақ, сол ұмтылыстан кейін Отанға оралған сегіз альпинистің біреуі ғана еш зақымсыз қайтыпты.
– Сол жорықта қаза тапқан Сергей Самойловтың денесі елге әкелінетін болды ма? – Сергей Самойловты біз сонда арулап, христиандық үрдіспен жерледік. Әлбетте, негізі Сергейдің сүйегі Отанына әкелінуі керек еді. Өкінішке қарай, оған біздің қаржымыз жетпеді.
– Еліміздің Альпинизм және құзға өрлеу федерациясының басшысы Сергей Самойловтың сүйегін Отанымызға жеткізу үшін 15 мың АҚШ доллары керектігін айтқан еді… – Мен сізге айтайын, 29 сәуір күні 7 мың метр биіктіктен Сергейдің денесін тауып алдық. Бірақ оны төменге түсіріп, арулап жерлеудің өзіне Қазбек Валиев айтқан сомаға жетер-жетпес ақша кетті. Оның денесін елімізге әкелу үшін 15 мың доллар мүлдем жетпес еді. Мәселен, осы жылы Лхотце шыңына шығу барысында Ресей құрамасында Сергей Дуганов деген альпинист қаза тапты. Ал оның денесін Санкт-Петерборға жеткізу үшін барлығы 50 мың евро жұмсалыпты. Әлбетте, Самойловтың денесінің бөтен елде қалып қоюы – еліміз үшін үлкен сын. Сергей өзінің емес, Қазақстанның атын шығару мақсатында осы жобаға барынша атсалысты. Кеудесінен аспан түстес туымызды тастамайтын. Ал қайғылы жағдай орын алғанда, мемлекетіміз оны елемеді.
– Енді өзіңізге қатысты сұрақ қойсақ. Қазақстан құрамасы 8 мың метрден асатын 14 шыңның барлығын да бағындырды. Ал өзіңіз бұл мақсатқа жеттіңіз бе? – 8 мың метрден асатын 14 шыңның 13-іне шықтым. Қалғаны – тек Пәкістан мен Қытайдың ортасында орналасқан «К2» шыңы. Бұл шыңға шығудың бірнеше бағыты бар. Пәкістан жақпен де, Қытай жағынан да шығуға болады. Мұның алдында осы шыңға шығуға төрт рет ұмтылыс жасап көргенбіз. Үш рет Пәкістан жағынан және бір рет Қытай жағынан, яғни адам аяғы тимеген жақпен шығуға ұмтылғанбыз. Бірақ әрдайым әртүрлі себептерге байланысты шыңға шамамен 100-200 метр қалғанда кері қайтып жүрдік.
– Енді бұл шыңға қашан шығу жоспарда бар? – Бәрі қаржыға тіреліп тұр. Егер сәтін салып, демеушілер тауып жатсам, келесі айда-ақ аттанып кетеміз. Содан кейін ғана жаным тыныш табатын шығар. Сол жорықты сәтті аяқтаған соң, спорттық ғұмырымды тоқтатсам деген ой да жоқ емес.
– Әңгімеңізге көп рақмет! |